Сербияда қаза тапқан 19 жастағы қазақстандық қыздың ісін Жоғары прокуратура қарап жатыр

Бүгін, 10:25 / Ахмет Қанатұлы
Фото: tiktok.com/@homeart_mebelart

Сербияда көз жұмған 19 жастағы Қазақстан азаматы Амира Қанаттың өліміне қатысты материал Белградтың Жоғары прокуратурасына жолданған. Алайда адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, әзірге ресми қылмыстық іс жүргізу басталмаған, деп хабарлайды BES.media басылымы.

Шілде айының соңында әлеуметтік желілерде Амира Қанаттың Сербияда қаза тапқаны туралы ақпарат тараған еді. Марқұмның әкесі қызының өз еркімен өмірден кетуі мүмкін деген нұсқаға күмән келтіріп, істің мән-жайын толық анықтауды талап еткен.

Амираның туыстарының бірі Назима Рахимберди қыздың Белградта кейін араласа бастаған ортасына қатысты күдігі барын айтқан. Оның сөзінше, Амираның мінез-құлқындағы өзгерістер мен қаза болар алдындағы байланыстары отбасы мүшелеріне сұрақ тудырған.

Жақындарының айтуынша, Амира болашағына жоспар құрып, білім алып, дамуды ойлаған. Алайда маусымның ортасы мен шілденің басынан бастап ол туыстары және достарымен сирек байланысатын болған.

Осыған байланысты отбасы қыздың қиын жағдайға түсуі немесе біреудің ықпалында қалуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармайды.

Кейін Влад есімді азамат әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялаған. Оның айтуынша, Амирамен Белградтағы барлардың бірінде танысып, кейін баспана мәселесі болғандықтан, өз үйінде уақытша тұруға ұсыныс жасаған.

Владтың сөзінше, қайғылы оқиға болған күні ол үйден бірнеше сағатқа шығатынын айтқан. Кейін өзі және досы Амираның балконнан секіргеніне куә болғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ ол марқұмның заттарының арасынан күнделік табылғанын, онда Амираның бұған дейін де психологиялық қиындықтарды бастан өткергені туралы жазбалар болғанын айтқан.

Арада бірнеше күн өткен соң марқұмның туыстары да, Белградтағы таныстары да оқиғаға қатысты жариялаған видеоларын түсініктемесіз өшіріп тастаған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Амира Қанаттың қазасы туралы ақпарат түскен сәттен бастап оның туыстарымен байланыста болғанын хабарлаған. Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарына тиісті өтініштер жолдаған.

Сербия тарапының мәліметінше, материал Белградтың Жоғары прокуратурасына берілген. Қазақстан тарапы ресми тергеу нәтижелерін күтіп, сербиялық құзырлы органдармен байланысын жалғастырып отыр.

Марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілген. Елшілік отбасы мүшелеріне репатриацияға қатысты консулдық-құқықтық көмек көрсеткен.

Қазақстан ІІМ мәліметінше, отандық ішкі істер органдарында бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелмеген.

Ал адвокат Бауыржан Азанов Қазақстан СІМ-нің Консулдық қызмет департаментіне өтініш жолдап, Сербияның құзырлы органдарымен, соның ішінде Белград Жоғары прокуратурасымен өзара байланысты күшейтуді сұраған.

Сондай-ақ ол Амираның қаза болар алдында жанында болған адамдарға қатысты қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізу мүмкіндігін сақтауды өтінген.

Адвокаттың сөзінше, қазіргі таңда Белград Жоғары прокуратурасында Амира Қанаттың өліміне қатысты материал қалыптастырылғанымен, ресми қылмыстық іс жүргізу әлі басталмаған.

Тэгтер:

Сербия қайғылы жағдай