Аша Матай сайлаудан бас тартпайтынын мәлімдеді

Бүгін, 16:50 / Алуа Әшірбекова
Сурет: скриншот

Танымал тележүргізуші әрі Ұлттық құрылтай депутаттығына кандидат Аша Матай сайлауға қатысты тараған әңгімелерге жауап берді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында видеоүндеу жариялап, сайлаудан бас тартпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін желіде Аша Матайдың сайлаудан бас тартуы мүмкін екені туралы түрлі пікір тараған. Алайда кандидат бұл ақпаратты жоққа шығарып, мұндай әңгімелерді «тапсырыс» деп атады.

«Мен сайлаудан бас тартпаймын. Бас тартты деген әңгімелер - тапсырыс. Соңына дейін барамын», - деді ол видеоүндеуінде.

Сонымен қатар Аша Матай оқырмандарына үндеу жасап, тұрғындардың мәселелерін өзімен бірге Құрылтайға жеткізуге дайын екенін айтты.

«Маған өз проблемаларыңызды жазыңыздар, барлығын өзіммен бірге Құрылтайға алып барамын», - деді кандидат.

Желі қолданушылары оның мәлімдемесін қызу талқылап жатыр. Кейбір оқырмандар керісінше, Аша Матайға саясатқа бармауға кеңес берген. Пікірлер арасында «Қоя салшы, айналайын» деген жазбалар да кездеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Аша Матайға заңдарға қатысты сұрақтар қойылған кезде оның «уақытым жоқ, дебатқа дайындалуға мүмкіндік бермей жатыр» деген жауабы да әлеуметтік желіде талқыға түскен.

Тэгтер:

#Аша Матай # оқырмандар #Танымал тележүргізуші # Ұлттық құрылтай депутаттығына кандидат