"Соғыс тоқтауы керек": Украина Ресей және АҚШ-пен келіссөзге дайын екенін мәлімдеді

Бүгін, 10:20 / Ахмет Қанатұлы
Ресей мен Украина тулары. Фото: MicroStockHub/iStock /Getty Images Plus

Украина Ресей және АҚШ өкілдерімен келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Сергей Кислица айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның сөзінше, Киев соғысты тоқтату жолдарын талқылау үшін Вашингтонмен де, Мәскеумен де диалог жүргізуге әзір.

"Біз ашық айтып келеміз: келіссөз үстеліне отыруға, америкалық тарапты тыңдауға, ресейліктермен сөйлесуге және бұл соғыс неге тоқтауы керегін дәлелдеуге дайынбыз", – деді Кислица.

Ол дипломатиялық байланыс қандай жағдай болса да жалғасуы керек деп есептейді. Кислицаның пікірінше, келіссөз үдерісін тоқтату қате әрі қауіпті шешім болар еді.

Сонымен қатар ол АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Ақ үй басшысының кеңесшісі Джаред Кушнердің Киевке ықтимал сапары туралы да айтты.

Кислицаның сөзінше, америкалық өкілдер Украинаға келуге уәде берген. Киев тарапы келіссөздердің қарқынына АҚШ нақты ықпал ете алады деп үміттеніп отыр.

Ол Украина тарапының Уиткофф және Кушнермен тұрақты байланыста екенін де жеткізді. Алайда кейбір мәселелерді телефон немесе жабық байланыс арналары арқылы талқылау мүмкін емес екенін айтып, бетпе-бет кездесудің қажеттігін атап өтті.

Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге әзірге негіз жоқ деген пікір білдірді.

"Қазіргі уақытта Киевтің ұстанымына байланысты бейбіт реттеуге қатысты оптимизмге негіз болатын алғышарттар жоқ", – деді Песков.

Тэгтер:

ресей АҚШ украина