Құрылтай сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

Бүгін, 16:19 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Arasha.kz / ЖИ

Бас прокуратура Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезінде сайлау заңнамасын бұзудың 8 дерегін тіркегенін хабарлады. Сондай-ақ ведомство 22 және 23 тамызда үгіт жүргізуге тыйым салынатынын еске салды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтардың үшеуі сайлауға қатысты қоғамдық пікірге сауал жүргізуге, тағы бесеуі тыйым салынған уақытта үгіт жүргізуге байланысты.

"Әкімшілік жауаптылыққа прокурорлар қысқартылған тәртіппен жеті жеке тұлғаны және бір заңды тұлғаны тартты. Олардың барлығы кінәсін мойындады, әрекеттеріне өкінді және онлайн-платформалардағы заңсыз жарияланымдарын жойды", – деді Ерлан Өтегенов.

Ерлан Өтегенов сайлау алдындағы үгіт 22 тамызда сағат 00:00-де аяқталатынын атап өтті. Заңға сәйкес, дауыс беру күні және оның алдындағы тәулікте, яғни 22 және 23 тамызда кез келген үгітке тыйым салынады.

"Осыған байланысты сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Сол сияқты Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бұл ретте, бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фото-және (немесе) бейнетүсірілімге түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады", – деп еске салды бас прокурордың орынбасары.

Мұндай талаптарды бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК, орта бизнеске – 25 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК мөлшерінде жаза қолданылуы мүмкін.

Бас прокуратура сайлауға бес күн қалғанда және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауалдардың нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды және кандидаттар мен саяси партияларды қолдау жөніндегі зерттеулерді жариялауға болмайтынын да еске салды.

Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде қоғамдық пікірге сауал жүргізуге де тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Бұдан бөлек, Ерлан Өтегенов азаматтарды бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін сақтауға шақырды. Заң талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік, ал елеулі зиян келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.

Бас прокуратура масс-медиада жалған ақпарат пен заңсыз контент таратуға да ерекше назар аударылатынын ескертті. Мұндай әрекеттер үшін құқықбұзушылықтың сипатына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Тэгтер:

сайлау прокуратура Құрылтай