Әлемдегі ең қарт адам саналатын Ұлыбритания тұрғыны Этель Катерхэм 21 тамызда 117 жасқа толды. Guinness World Records мәліметінше, ол осы жасқа жеткен алғашқы британиялық атанды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мерейтой Суррей графтығындағы Лайтвотер қаласында орналасқан қарттар үйінде атап өтілді. Этель Катерхэм әлемдегі ең қарт адам мәртебесін 2025 жылдың сәуірінде бразилиялық монах Ина Канабарро Лукас қайтыс болғаннан кейін иеленген.
Этель 1909 жылғы 21 тамызда Хэмпшир графтығындағы Шиптон-Беллинджер ауылында дүниеге келген. Ол сегіз балалы отбасының екінші кенже перзенті болған. Кейін балалық және жастық шағы Ұлыбританияда өткен.
1927 жылы 18 жасында Этель Үндістанға аттанып, британдық отбасында күтуші болып жұмыс істеген. Ал 1931 жылы болашақ күйеуі Норман Катерхэммен танысқан. Норман британ армиясында қызмет етіп, кейін подполковник шеніне дейін көтерілген.
Ерлі-зайыптылар 1933 жылы шаңырақ көтеріп, кейін Гонконгта тұрған. Сол жерде Этель жергілікті және британдық балаларға арналған балабақша ашқан. Кейін отбасы Англияға оралып, екі қыз тәрбиелеген. Жолдасы Норман 1976 жылы қайтыс болды. Этель екі қызынан да ұзақ өмір сүрді.
Ұзақ жасаудың Этельдің отбасында да кездесетіні белгілі. Оның әпкесі Глэдис 104 жасқа дейін өмір сүрген.
Этель Катерхэм егде жасына дейін белсенді өмір салтын ұстанған. Бұған дейін оның 97 жасқа дейін автокөлік жүргізгені, ал 110 жасында коронавирус инфекциясын жұқтырып, дерттен айыққаны хабарланған.
2025 жылы 116 жасқа толғаннан кейін оған Ұлыбритания королі III Карл арнайы барған. Кездесу кезінде Этель 1969 жылы Карл Уэльс ханзадасы атанған шақты еске алып, сол кезде көптеген қыздың оған ғашық болғанын әзілмен айтқан.
Этель бұған дейін ұзақ жасаудың өзіндік "құпиясын" да әзілмен бөліскен.
"Ешкіммен дауласпаймын. Бәрін тыңдап аламын да, өзім қалағандай істеймін", – деген ол.
Guinness World Records дерегінше, Этель Катерхэм қазір тарихтағы ең ұзақ өмір сүрген адамдардың арасында 13-орында тұр. Сондай-ақ ол 1910 жылға дейін дүниеге келген адамдардың арасындағы көзі тірі соңғы адам.
Ал адамзат тарихындағы ресми түрде ең ұзақ өмір сүрген адам ретінде франциялық Жанна Кальманның рекорды әлі жаңарған жоқ. Ол 122 жыл 164 күн өмір сүріп, 1997 жылы қайтыс болған.