Бокстан бұрынғы әлем чемпионын үйінің маңында өлтіріп кетті

Бүгін, 16:23 / Ахмет Қанатұлы
pixabay.com

Оңтүстік Африкада бокстан бұрынғы әлем чемпионы Золани Тете атыс салдарынан қаза тапты. 38 жастағы спортшыға өз үйінің маңында шабуыл жасалған.

Оқиға Шығыс Кейп провинциясындағы Мданцане елді мекенінде болған. Золани Тете көлігімен үйіне келе жатқан кезде басқа көліктен бетперде таққан екі ер адам түсіп, оған оқ жаудырған.

Боксшы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Оның жанында болған 27 жастағы әйел де бірнеше жерінен жараланып, ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Шабуылдың нақты себебі әзірге белгісіз. Құқық қорғау органдары оқиғаны көрген куәгерлерден ақпарат беруді сұрады.

Золани Тете кәсіпқой бокста 34 жекпе-жек өткізген. Ол 2014 жылы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанса, 2017 жылы WBO белбеуін иеленді.

Спортшы бокс тарихындағы ең жылдам нокауттардың бірімен де танымал. 2017 жылы ол отандасы Сибонисо Гоньяны небәрі 11 секундта нокаутқа түсіріп, Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Оңтүстік Африканың спорт министрі Гейтон Маккензидің айтуынша, соңғы уақытта Тете жаттығуға қайта кірісіп, кәсіпқой рингке оралуды жоспарлап жүрген.

Золани Тетенің қазасына байланысты Бүкіләлемдік бокс ұйымы оның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ Оңтүстік Африканың бокс қауымдастығына көңіл айтты.

Тэгтер:

бокс