Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, биыл Мәуліт түні 24 тамыздан 25 тамызға қараған түнге сәйкес келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәуліт – Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) дүниеге келген уақытына байланысты аталып өтетін ерекше күн. ҚМДБ бұл түнді құлшылық пен ізгі амалдарға арнап, Пайғамбарға (с.а.у.) деген сүйіспеншілікті арттыруға үндейді.
Діни басқарма Мәуліт түнінде жасауға болатын бірнеше сауапты амалды атады.
Ең алдымен, Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) салауат айтқан жөн. Бұл түнде "Аллаһумма салли ала Мухаммадин уә ала әали Мухаммад" деп көптеп салауат жолдау сауапты амалдардың бірі саналады.
Сондай-ақ мұқтаж жандарға садақа беру ұсынылады. ҚМДБ мұны Пайғамбар өнегесін жалғастырып, өзгелерге жақсылық жасаудың бір жолы ретінде атап өтеді.
Мәуліт түнінде дұға жасап, өзі мен отбасы, жақындары үшін амандық, береке және жақсылық тілеуге болады. Сонымен қатар елдің тыныштығы мен қоғамдағы ынтымақ үшін дұға ету де құпталады.