20 жастағы қыз бұрынғы жігітінен зардап шекті

Бүгін, 14:18 / Алуа Әшірбекова
Сурет: qumash

Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназдың қазасына қатысты оқиғаның жаңа мән-жайлары айтылды. Марқұмның әкесінің сөзінше, бойжеткенге бұрынғы жігіті бірнеше рет пышақ жарақатын салған, деп хабарлайды Arasha.kz, Qumash Telegram арнасына сілтеме жасап.

Оқиға 13 шілдеде болған. Қыздың әкесінің айтуынша, Дильназ бен оның бұрынғы жігітінің арасында жанжал туындаған. Бойжеткен жігіттің бетінен ұрып, кетіп қалған. Алайда ол қыздың артынан ерген.

Әкесінің сөзінше, күдікті тергеу эксперименті кезінде қызды қорқытпақ болып, артқы қалтасынан пышақ шығарғанын айтқан. Кейін Дильназдың мойын тұсына жарақат салып, ол құлағаннан кейін де әрекетін жалғастырғаны айтылады.

Марқұмның әкесі қызының денесінен барлығы 12 пышақ жарақаты анықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы жарақаттардан кейін Дильназ қарсылық көрсетуге тырысқан. Күдікті оны жол бойымен шамамен 32 метр сүйреп, кейін қайтадан кеуде тұсына жарақат салған деген ақпарат бар.

Сондай-ақ бойжеткеннен ауыр бас-ми жарақаты анықталғаны айтылады. Туыстарының сөзінше, оқиғадан кейін күдікті Дильназдың күртесін шешіп алып, телефонын бұталардың арасына жасырып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Дильназ отбасындағы жалғыз бала болған.

Марқұмның жақындары сараптамалардан кейін іс «Адам өлтіру» бабынан «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта сараланады деп күткен. Алайда олардың айтуынша, әзірге мұндай шешім қабылданбаған.

Qumash арнасы аталған ақпарат бойынша Абай облысының прокуратурасы мен полициясынан ресми түсініктеме сұратқанын хабарлады.

Материалда келтірілген оқиғаның бірқатар мән-жайы марқұмның әкесінің сөзіне негізделген. Құқық қорғау органдарының ресми мәліметі жарияланған жағдайда ақпарат толықтырылуы мүмкін.

Тэгтер:

#Зардап шекті #Бұрынғы жігітінен #20 жастағы қыз #Адам өлтіру #жанжал туындаған