Алматыда Үлкен Алматы көліне барған төрт қыз қайтар жолда адасып, құтқарушылардың көмегіне жүгінді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Бостандық ауданында, шамамен 2500 метр биіктікте болған. Қыздар Үлкен Алматы көліне көтерілгенімен, кері қайтар кезде бағытынан жаңылып, таудан өз беттерінше түсе алмаған.
Оқиға орнына Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары жетіп, төрт туристі қауіпсіз жерге алып түскен.
Қыздардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін олар туыстарымен бірге үйлеріне қайтқан.
ТЖМ азаматтарға тауға шығар алдында маршрутты мұқият жоспарлап, белгіленген соқпақтан шықпауға және сапар бағыты мен қайту уақытын жақындарына алдын ала хабарлауға кеңес берді.