«Құшақтасып, сүйісу дұрыс емес»: Тоқаев жаңа әдеп туралы айтты

Бүгін, 15:49 / Алуа Әшірбекова
Сурет ашық дереккөзден алынған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың жүріс-тұрысы мен амандасу мәдениетіне қатысты пікір білдіріп, жаңа мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бастамасын өзі көтергенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы жастардың, сондай-ақ үлкендердің де бір-бірімен қарым-қатынасына назар аударып, дәстүрлі әдет-ғұрыптарды еске түсіру керек деген пікірін жеткізді.

«Жастардың, тіпті егде жастағы адамдардың да жүріс-тұрысын бақылап, біздің төл дәстүрлерімізді еске түсіруіміз керек деген қорытындыға келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, әйелдердің ер адамдарды, ер адамдардың әйелдерді сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай болмаған», - деді президент.

Тоқаев әскери формадағы азаматтардың да бір-бірін құшақтап амандасуына қатысты ойын айтты. Ол ер адамдардың қол алысып амандасуын дұрыс деп санайтынын жеткізді.

«Ер адамдар бір-біріне қол беріп, оны нық қысуы керек. Қолды жылы котлет немесе бұтақ секілді ұсынудың қажеті жоқ. Күлімдеп амандасуға болады, бірақ одан артық емес. Адамды көргеніңізге шынымен қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды жүрек тұсына қоюға болады», - деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы себепті ол жаңа мінез-құлық кодексін қалыптастыру бастамасын көтерген.

Сонымен қатар Тоқаев қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Тэгтер:

#Президент Қасым-Жомарт Тоқаев # қазақстандықтардың жүріс-тұрысы #амандасу мәдениеті