Риддерде ер адам өз қызына зорлық жасады деген күдікке ілінді

Бүгін, 09:54 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында ер адам кәмелетке толмаған қызын бірнеше жыл бойы зорлады деген күдікке ілініп, ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Halyqstan Telegram арнасы мәлімдеді. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, қыз алты жасынан бастап әкесінің жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылығына ұшыраған. Қазір жәбірленушінің жасы 13-14 шамасында.

Ер адам шілде айының басында полиция қызметкерлерімен ұсталған. Құқық қорғау органдары оны жұмыс орнынан алып кеткен.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Риддер қалалық полиция бөлімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған бап кәмелетке толмаған адамды зорлауға қатысты.

Іс аясында сот сараптамалары тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Тергеу мүддесіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.

Тэгтер:

қылмыс зорлық жаза