Сұлтан Сәрсемәлиев ісі бойынша апелляциялық шағым берілді

Бүгін, 12:19 / Ахмет Қанатұлы
Сұлтан Сәрсемәлиев. Фото-коллаж: kznews.kz

Атырауда төрт адамды өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот үкіміне апелляциялық шағым түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Сот кабинеті" жүйесіндегі мәліметке сәйкес, шағым 2026 жылғы 29 шілдеде берілген. Алайда Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі әзірге апелляциялық сот алқасына жүгінбеген.

Атырау облыстық сотының хабарлауынша, үкім шыққан кезде судья бірнеше мекеме басшысына қатысты жекеше қаулы қабылдаған. Апелляциялық шағым сол мекемелердің бірінен түскен.

Еске сала кетейік, 14 шілдеде Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртындағы төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Іс материалдары бойынша, 2025 жылдың мамырында Сәрсемәлиев жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтіріп, денесін үй маңына көмген. Кейін жақындарын күмәндандырмау үшін марқұмның атынан хабарламалар жазған.

Сол жылдың қазан айында ол Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өлтіріп, олардың денесін алдын ала дайындалған жерге көмген.

Кейін бұрынғы жұбайы Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауға алып барған. Тергеу нұсқасы бойынша, қалада Мейрамгүлді де өлтіріп, денесін Наурыз Мұқанғалиев жерленген аумаққа көмген.

Тергеу және сот барысында Сәрсемәлиевтің адам өлтіруден бөлек, алаяқтық, ұрлық, жеке куәліктерді иемдену, мүлікті талан-таражға салу және несие рәсімдеу секілді бірқатар құқық бұзушылық жасағаны анықталған.

Сот отырысында ол жасаған әрекеттеріне өкінетінін айтқанымен, болған жағдайға марқұмдарды да кінәлаған.

Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қараған.

Тэгтер:

атырау Сұлтан Сәрсемәлиев