«Мұра жіптері»: Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Батима Заурбекованың гобелендеріне арналған ауқымды көрме өтеді

Бүгін, 16:09 / Ахмет Қанатұлы

Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі қазақ гобелен өнерінің ұлттық мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық суретші Батима Заурбекованың туғанына 80 жыл толуына орайластырылған «Мұра жіптері» көрмесін ұсынады. Көрме 2026 жылғы 25 қыркүйек пен 8 қараша аралығында өтеді. Экспозицияға музей қорынан және суретшінің отбасылық мұрағатынан алынған 80-нен астам туынды: гобелендер, кескіндеме және графика жұмыстары қойылады.

Гобелен – бейне бояумен емес, тоқыма станогында жіп арқылы жасалатын тоқылған кілем-картина. Қазақстанда бұл техника ХХ ғасырдың екінші жартысында ерекше дамыды. Сол кезеңде суретшілер кілем тоқу дәстүрі мен киіз ою-өрнегін бейнелеу өнерінің жаңа түрінің негізі ретінде қайта пайымдай бастады. Осылайша халықтық мотивтерді, ұлттық ою-өрнекті және заманауи кескіндеме тілін тоғыстырған қазақстандық гобелен мектебі қалыптасты. Бұл мектептің бастауында оның негізгі тұлғаларының бірі – Батима Заурбекова тұрды.

Батима Заурбекова – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы оның шығармашылығы дәстүр мен заманауи көркемдік тілді ұштастыра отырып, қазақстандық гобелен өнерінің дамуына ықпал етті.

Көрме Батима Заурбекованың шығармашылығын әлемдік мәдениет контексінде таныстырып, оның негізгі көркемдік бағыттарын халық өнері және модернизмнің кескіндемелік ағымдарымен диалог аясында ашады.

«Мұра жіптері» экспозициясы үш зал арқылы саяхат түрінде құрылған:

Алғашқы зал музейдің тұрақты коллекциясы орналасқан кеңістіктен басталады. Мұнда сәндік-қолданбалы өнердің көрнекті үлгілері Батима Заурбекова шығармашылығының ұлттық көркемдік дәстүрмен байланысын айқындайды. Павильонның алып қабырғалары суретшінің туындыларында жиі кездесетін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесін меңзейді. Сонымен қатар павильон үйдің, баспананың және қасиетті мекеннің символына айналып, Заурбекова шығармашылығы үшін маңызды тақырыптарды – адам мен табиғаттың бірлігін, материал мен қолөнердің киелілігін аша түседі.

Екінші залда стилі жағынан жақын туындылар бірнеше аймаққа бөлінген. Әр аймақ суретші шығармашылығының белгілі бір бағытына сәйкес келеді. Кеңістіктің ашық архитектурасы көрерменге экспозицияны өз қалауынша тамашалауға мүмкіндік береді: туындылар әртүрлі ракурстан және түрлі үйлесімде көрінеді. Ал музыка олардың мазмұнын қабылдауға қосымша мәдени кілт қызметін атқарады.

Көрменің соңғы кеңістігі әйел бейнесінің сан қырын ашады. Композицияның негізгі бөлігін төбеге ілінген шаңырақ құрайды, оның айналасында ұлттық киімдегі қазақ аруларының портреттері орналасқан. Олардың барлығы әйел болмысын өмірдің үздіксіз жалғасу идеясымен байланыстырады.

Бұл жерде суретші туралы деректі фильмді көруге, мұрағаттық фотосуреттермен танысуға және оқу-жаттығу тоқыма станогында жұмыс істеп көріп, гобелен жасау үдерісінің қыр-сырын сезінуге болады.

«Мұра жіптері» дәстүрлі ретроспектива шеңберінен шығып, гобеленді өнер тілінде көрерменмен сөйлесе алатын тірі әрі заманауи медиум ретінде көрсетуге ұмтылады.

Көрме өнертанушылардан бастап дизайнерлерге, сәулетшілерге және дәстүрді мұрағат ретінде емес, заманауи визуалды тілдің қайнар көзі ретінде қабылдайтын шығармашылық қауымдастықтарға дейін кең аудиторияға бағытталған.

Арада ондаған жыл өтсе де, Батима Заурбекованың гобелендері көрерменмен үй, жады және ұрпақтар сабақтастығы туралы сырласуын жалғастырып келеді.

«Мұра жіптері» көрмесі – өткенмен кездесудің, ал өткеннің бүгінгі күнде өмір сүруін жалғастырып жатқанын сезінудің бір мүмкіндігі.