Абай облысында 20 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты күдікті ұсталды

Бүгін, 11:50 / Ахмет Қанатұлы
КТК

Абай облысында 20 жастағы Ділназ Жұмағұлованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Күдікке марқұмның бұрынғы жігіті ілінген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 13 шілдеде болған. Шәкәрім университетінің екінші курсында оқыған Ділназ кешкі уақытта құрдастарымен кездесуге шықпақ болған. Алайда таңертең оның денесі көшеден табылған.

Марқұмның әкесі Сабыржан Темірханның айтуынша, қызының денесіне бірнеше рет пышақ сұғылған. Отбасы өкілдері бойжеткеннің денесі оқиға орнынан біраз жерге сүйрелгенін де айтып отыр.

«Содан кейін тастаған. Үстіндегі курткасын шешіп алған. Соның бәрін алып, мына жақтағы орманға апарып, телефоны мен курткасын тығып тастаған», – деді марқұмның әкесі.

Күдікті – 20 жастағы азамат. Ол Ділназбен бір мектепте, қатарлас сыныптарда оқыған.

Марқұмның анасы Динара Атаеваның сөзінше, қызы бұған дейін жігітпен қарым-қатынасын тоқтатқанын айтқан. Алайда таныстары олардың биыл жазда қайта сөйлесе бастағанын жеткізген.

«Екеуінің арасында қандай жанжал шыққанын білмеймін», – деді ол.

Қара жамылған отбасы істің қазіргі саралануымен келіспей отыр. Ата-анасы қылмыс аса қатыгездікпен жасалды деп есептеп, істі Қылмыстық кодекстің 99-бабының ауырлататын бөлігі бойынша қайта саралауды талап етеді.

«Біз кінәлі адамның барынша ауыр жаза алғанын талап етеміз. Ол заң талабына сай толық жазалануы керек», – деді Динара Атаева.

Абай облысы полициясының мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталып, тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

Материалдармен танысу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданады.

Ділназ Жұмағұлова жоғары оқу орнында тарих және география мамандығы бойынша білім алған. Жақындарының айтуынша, ол ағылшын және корей тілдерін меңгерген.