Каспий теңізінде жаңа арал пайда болды

Бүгін, 14:13 / Алуа Әшірбекова
Сурет: lada.kz

Каспий теңізінде су деңгейінің төмендеуіне байланысты жаңа аралдар пайда бола бастаған. Жуырда солардың бірі әуеден видеоға түсірілді, деп хабарлайды Arasha.kz, Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Caspian Holiday компаниясының негізін қалаушы Ерболат Мұхашовтың айтуынша, кейінгі 4-5 жылда Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде су деңгейі айтарлықтай төмендеген. Соның салдарынан бұрын су астында жатқан кей аумақтар құрлыққа айналып, жаңа аралдар пайда бола бастаған.

Мұндай өзгерістер әсіресе Каспий итбалықтары мекендейтін Құлалы, Морской, Святой, Подгорный, Үшарал, Маяқшыққан және Долгий аралдары маңында байқалады.

Жаңадан пайда болған аралдардың бірі Рыбачий деп аталады. Ол Святой аралынан шығысқа қарай шамамен 500 метр жерде, ал Баутино ауылынан 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан.

Ерболат Мұхашовтың сөзінше, бұл маңдағы аралдарда негізінен қасқырлар мекендейді. Сондай-ақ жабайы қабандар мен борсықтар кездеседі. Аралдар мен олардың жағалауында түрлі балық пен құс түрлері тіршілік етеді.

Жаңа аралға Маңғыстауда Каспий теңізін қорғау мәселелерімен айналысып жүрген эко-сарапшы Данияр Әкімжановтың көмегімен баруға мүмкіндік туған.

Мұхашов бұл аумақтың табиғаты ерекше әрі көркем екенін атап өтті.

Жаңадан пайда болған Рыбачий аралы құс ұшар биіктіктен видеоға түсірілген.

Тэгтер:

#Каспий теңізі #су деңгейі #жаңа аралдар