Айгүл Иманбаева бала күнгі жарақатын айтты

Бүгін, 18:57 / Алуа Әшірбекова
Сурет ашық дереккөзден алынған

Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева бала кезінде куә болған отбасындағы зорлық-зомбылықтың ересек өміріне де әсер еткенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz, Qazaq Today-ге сілтеме жасап.

Өнер иесі бұл тақырыптың өзі үшін ауыр екенін айтып, ата-аналарды балалардың көзінше жанжал шығармауға шақырды.

Айгүл Иманбаеваның сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын құрбысы Баян Мақсатқызы зорлық-зомбылық тақырыбын арқау еткен «Бақыт» фильмін түсірген. Картинадағы басты рөлдердің бірін сомдау туралы ұсыныс түскенде, әнші алдымен сценариймен танысқан.

«Сценарийді оқып отырып, бұлшықет жады ма, әлде бұрынғы сырқаттарым оянды ма, білмеймін, аяқ-қолым дірілдеп, жылап қалдым. Баянға хабарласып, бұл рөлден бас тарттым. Кейін режиссер Асқар Ұзабаев та қоңырау шалып, көндіруге тырысты. Оған да көзімнен жас тоқтамай, бұл тақырыптың мен үшін қаншалық ауыр екенін түсіндірдім», - деді ол.

Әнші соңғы жылдары психологпен жұмыс істеп, бала күнінде алған психологиялық жарақаттарынан арылуға тырысып жүргенін де жеткізді. Алайда зорлық-зомбылыққа қатысты кейбір жағдайлар оның санасында әлі де сақталғанын жасырмады.

«Бала кезімде әкемнің анамды ұрғанын, ата-анамның бір-бірімен жанжалдасқанын көрдім. Сондықтан қазір де біреу дауысын көтерсе, қорқамын», - деді Айгүл Иманбаева.

Өнер иесі ата-аналарды баланың көзінше ұрысып, дауыс көтермеуге шақырды. Оның айтуынша, бала кезде көрген мұндай жағдайлар адамның есейген шағына дейін әсер етуі мүмкін.

Тэгтер:

#Әнші #Зорлық-зомбылық #Актриса #Айгүл Иманбаева