Алматыда автобуста ер адам жас қызды қылқындырған

Бүгін, 17:56 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Алматыда №227 бағыттағы автобуста жолаушы қыз бен егде жастағы ер адамның арасында жанжал шықты. Оқиғаға байланысты ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жолаушы қыздың айтуынша, ол автобустың артқы бөлігіне барып, орынға отыру үшін жанында отырған ер адамнан жылжуын сұраған. Алайда ер адам оның өтінішіне жауап ретінде қыздың мойнынан ұстап, қылғындыра бастаған.

Жолаушы бірден босап шыға алмаған. Оған сол маңда отырған басқа жолаушы көмектесіп, ер адамның қолынан босатқан.

Оқиғадан кейін Алматы полициясы тексеру жүргізіп, жанжалға қатысушыларды анықтаған.

«Тексеру барысында оқиғаға қатысушылар анықталып, оның нәтижесінде құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Алматы қаласының Полиция департаменті.

Нәтижесінде ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Тэгтер:

алматы автобус қыз қария