Ұзынағашта 21 жастағы қыздың мәйіті ерлер дәретханасынан табылды

Бүгін, 11:53 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 29 маусымда 21 жастағы Диананың мәйіті ерлер дәретханасынан табылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Марқұмның туыстары оның өліміне қатысты күмәні барын айтып, қыздың қаза болуына қылмыстық әрекет себеп болуы мүмкін деп есептейді. 

Марқұмның анасының айтуынша, қайғылы жағдайға дейін бір күн бұрын Диана оған сыйлық жасап, сұлулық салонына апарған. Сондай-ақ анасына концертке билет алып берген. Сол күні жұмыстан кейін ағасының үйіне баруды жоспарлаған. Алайда түнде қызбен байланыс үзілген.

Туыстары Диананың денесінен бірнеше көгерген із байқалғанын айтады. Сонымен қатар олардың сөзінше, қыздың сөмкесінен 100 мың теңге мен мойнындағы алтын алқасы жоғалған. Кейін марқұмның кейбір жеке заттары жырадан табылып, тергеушілерге тапсырылған.

Жақындары оқиға кезінде дәретхана маңында болған болуы мүмкін куәгердің сөзіне де назар аударып отыр. Олардың айтуынша, әйел сол маңнан екі көлік пен төрт жас жігітті көргенін айтқан.

Полиция бұл факті бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Тэгтер:

алматы қыз марқұм