Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салуды қолдады

Бүгін, 12:47 / Алуа Әшірбекова
Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу ұсынысын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz, Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Мемлекет басшысының пікірінше, өскелең ұрпақтың қоғамдағы орны қауіпсіз ортада өмір сүруіне барынша жағдай жасау қажет.

 Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын, - деді Тоқаев.

Президент бұл бағыттағы жұмысқа ерекше назар аудару керегін атап өтті. Сонымен қатар тиісті заң қабылданған жағдайда оның іс жүзінде толық орындалуын қамтамасыз ететін тетіктерді алдын ала қарастыру қажет екенін айтты.

 Тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес, - деді мемлекет басшысы.

Тэгтер:

#Әлеуметтік желі #Президент Қасым-Жомарт Тоқаев #16 жасқа толмаған балалар