Астанада тыңшылық жасады деген күдікпен Өзбекстан азаматы ұсталды

Бүгін, 17:34 / Альфия Адамбек
Фото: әлеуметтік желі

Астанада Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің профессоры, Өзбекстан азаматы Икболжон Корабоев тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Qaz365.kz дерегінше, 46 жастағы зерттеуші Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы («Тыңшылық») бойынша күдікке ілінген. Аталған бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Туыстарының айтуынша, 3 шілдеде азаматтық киімдегі белгісіз адамдар профессорды үйінен алып кеткен. Кейін оған Өзбекстанның Астанадағы консулдығының қызметкеріне ақпарат берді деген айып тағылған.

Корабоев Астанада отбасымен бірге тұрған. Ол халықаралық құқық саласында зерттеу жүргізіп, соңғы еңбектерінде Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстан мен Өзбекстандағы маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдар қорын зерттеген. Әріптестері ғалымның зерттеулерінде тек ашық дереккөздердегі ақпарат пайдаланылғанын айтқан.

Қазіргі таңда профессордың туыстары Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға, сондай-ақ құқық қорғау ұйымдарына жүгінген. Олар Корабоевқа адвокаттың кіруіне мүмкіндік беруді сұрап отыр.

Туыстарының мәліметінше, іс мемлекеттік құпияларға қатысты болғандықтан, қорғаушыға тиісті рұқсат беру процесі созылып жатыр. Университет пен Өзбекстанның ресми органдары БАҚ сауалына әзірге жауап бермеген.

Тэгтер:

ғалым тыңшы Зерттеуші