1 қыркүйекте Қазақстандағы 8 мыңға жуық білім беру ұйымында жаңа оқу жылы басталды. Биыл 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның ішінде шамамен 296 мың оқушы мемлекеттік мектептерде, 23 мыңға жуығы жекеменшік білім беру ұйымдарында оқиды. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге шамамен 128 мың бірінші сынып оқушысы қабылданған.
Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала мектепке барды.
Бірінші сыныпқа ең көп бала Түркістан облысында қабылданған – 50 мыңнан астам. Алматы облысында 35 мыңнан астам, Астанада шамамен 33 мың, Алматыда 31 мыңнан астам, ал Шымкентте 29 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір Қазақстанда 8048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл 2024-2025 оқу жылымен салыстырғанда 1,6 пайызға көп.
2020 жылдан бері елде 1200-ден астам мектеп салынды. Соның нәтижесінде 1 миллионнан астам жаңа оқушы орны ашылып, үш ауысымды мектептердің саны төрт есе азайған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында тағы 101 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар 59,3 мың оқушыға арналған.
Жаңа білім беру нысандары Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.