Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті аясында жеке кездесу өткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақорданың мәліметінше, келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйін талқылап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының өтуімен құттықтады. Оның айтуынша, сайлау нәтижесі Қазақстан Президентінің елді дамыту, саяси тұрақтылықты нығайту, экономиканы ілгерілету және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған саясатына қолдау бар екенін көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауға алғыс айтып, Қазақстандағы конституциялық реформалар мен елді жаңғырту үдерісіне тоқталды.
"Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет", – деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Владимир Путиннің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарын тарихи әрі нәтижелі деп бағалады.
Оның сөзінше, қазір екі елдің үкіметтері сол сапар барысында қол қойылған келісімдерді жүзеге асыруға кіріскен.
Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының өсіп келе жатқанын атап өтіп, Ресей Қазақстанның негізгі инвестициялық және сауда серіктестерінің бірі болып қала беретінін айтты.
Кездесу барысында екі ел басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелеріне де назар аударды.