Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланатын әуе компаниялары мен сақтандыру ұйымдарына үндеу жасап, қауіптің күшейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, Украина азаматтық авиацияны нысанаға алмайды. Алайда Ресей аумағындағы дрондардың көбеюі әуе қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.
"Бүгін Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланатын барлық әуе компаниясын, сақтандырушыларды және Ресейдің негізгі әуежайларын қолданып жүргендердің барлығын ескерткіміз келеді: Ресей аспаны қауіпті бола бастады", – деді Зеленский.
Украина президенті Ресей билігі әуе кеңістігіндегі қауіп туралы жеткілікті деңгейде ескерту жасамай отыр деп есептейді.
"Серіктестерімізге ескертеміз: Ресей аспанында қауіпсіз аймақтар мен қауіпсіз сәттер қалмады", – деді ол.
Зеленский бұл ескертуді Мәскеу, Санкт-Петербург және Ресейдің басқа да ірі қалаларына рейс орындайтын халықаралық әуе компаниялары ескеруі керек екенін айтты. Оның сөзінше, Украинаның Сыртқы істер министрлігі мен тиісті ведомстволар Ресей әуе кеңістігіндегі қауіптер туралы мәліметтерді халықаралық ұйымдарға бермек.
"Азаматтық авиацияның дрондар арасында жүруіне орын жоқ", – деді Украина президенті.
Ресей президенті Владимир Путин де Зеленскийдің мәлімдемесіне жауап берді. РИА Новости мәліметінше, ол Киев Ресейдің әуе кеңістігін "жабуға" бағытталған әрекеттерін жүзеге асыруға тырысса, Мәскеу жауап қайтаратынын айтты. Путин мұндай жоспарды "мемлекеттік терроризмге жасалған өтінім" деп бағалады.