Құрылтай депутаты Дана Медеуова туралы не белгілі?

Бүгін, 13:07 / Ахмет Қанатұлы
Дана Медеуова. Фото: видеодан скриншот

Құрылтай депутаты Дана Медеуованың есімі кейінгі күндері қоғам назарын аударды. Ulysmedia.kz мәліметінше, ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туысы. Осыған байланысты оның депутат болып сайлануы қоғамда түрлі пікір туғызған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Басылым бұл мәселе жөнінде Құрылтай депутаты Айдос Сарымның пікірін сұраған. Оның айтуынша, Дана Медеуованың депутат болуы Конституция талаптарына қайшы емес.

Сарым әр азаматтың саяси партияға мүше болуға, сайлауға қатысуға және сайлануға құқығы бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, президенттің жақын туыстарының мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы басшылық қызметтерде болуына қатысты шектеу депутаттық мандатқа тікелей қатысы жоқ.

"Меніңше, мұның Конституцияға ешқандай қайшылығы жоқ. Негізгі заңға сәйкес, әр азамат қоғамдық, саяси және басқа да қызметпен айналысуға, саяси партияға мүше болуға, сол партия атынан Парламентке немесе Құрылтайға сайлануға құқылы. Біріншіден, осыны атап өту керек. Екіншіден, Мемлекет басшысы әу бастан-ақ президенттің жақын туыстары мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқармауы керек екенін айтты. Өздеріңіз білесіздер, ол бірнеше туысын мемлекеттік қызметтен және квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарынан босатты. Жалпы, президент бұл ұстанымынан бас тартып отырған жоқ", – деді Айдос Сарым.

Оның мәліметінше, Дана Медеуова депутат болғанға дейін қоғамдық және қайырымдылық жұмыстармен айналысқан, кітап шығару ісіне де атсалысқан.

"Ең әуелі, бір нәрсені нақтылап алған жөн. Құрылтай депутатының мандаты тағайындалмайды. Оны бір адамның жеке шешімімен алу мүмкін емес. Депутатты халық дауыс беру арқылы сайлайды.

Дана Медеуоваға келсек, ол бұған дейін қайырымдылықпен, қоғамдық жұмыстармен және кітап шығарумен айналысқан. Сондықтан "Әділет" партиясының сайлауда жеңіске жетуіне оның да белгілі бір үлесі болды деп ойлаймын. Қазір ол Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамында жұмыс істейді. Оның халықаралық медиа саласының маманы екенін де атап өткен жөн. Дана Медеуова дипломатиялық қызмет атқарған, халықаралық қатынастар мен дипломатия саласында мол білімі мен тәжірибесі бар. Сондықтан, меніңше, мұнда бәрі заң аясында. Конституцияға да, моральдық қағидаттарға да қайшы келетін ештеңе жоқ. Егер қоғамда сұрақтар туындаса, оларға жауап беріп, түсіндіру керек", – деді Айдос Сарым.

Сондай-ақ депутат жаңа әріптесі туралы ақпараттың аз болуы қоғамдағы сұрақтардың көбеюіне әсер еткен болуы мүмкін деп есептейді. Оның сөзінше, Құрылтай сайтында депутаттардың өмірбаяны, білімі, ғылыми еңбектері және қызметі туралы мәліметтер жариялануы тиіс.

Сарымның айтуынша, Дана Медеуова – профессор, ғылым докторы. Ол тоғыз жылдан астам уақыт басшылық қызмет атқарған. Соның ішінде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде проректор болған.

Айдос Сарым жаңа депутатты тек президентпен туыстық байланысы арқылы бағалау дұрыс емес деген пікір білдірді. Оның пайымынша, саяси тұлғалардың қызметіне олардың нақты еңбегі, бастамалары мен қоғамға ұсынған идеялары негізінде баға берілуі керек.

Тэгтер:

Дана Медеуова