Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алғашқы алтын медальдарына қол жеткізді. Ел спортшылары аударыспақтан екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрталап Керім финалда Қырғызстан өкілінен басым түсіп, жарыс чемпионы атанды.
Қазақстан қоржынына екінші алтынды 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сайлау Мұхаммеджан салды. Ол шешуші белдесуде қырғыз спортшысын 2:1 есебімен жеңді. Осылайша қос спортшы Қазақстан құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алғашқы алтын жүлделерін иеленді.
Аударыспақ – ат үстіндегі күшті, ептілікті, шапшаңдық пен батылдықты талап ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық спорт түрі. Қазіргі таңда Қазақстанда 11,5 мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде айналысады.