Тоқаев бірқатар министрді қайта тағайындады

3 қыркүйек, 2026 / Ахмет Қанатұлы
Ақорда. Фото: Facebook/AkordaPress

Қазақстанда жаңа Үкімет құрамын жасақтау жалғасып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар министр мен Премьер-министрдің орынбасарларын қызметіне қайта тағайындады. Кей ведомствода кадрлық өзгеріс болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Олжас Бектенов Премьер-министр қызметінде қалды.

Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалды.

Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы қызметін жалғастырады.

Қанат Бозымбаев та Премьер-министрдің орынбасары лауазымына қайта тағайындалды.

Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі болып қалды.

Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне қайта тағайындалды.

Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметін жалғастырады. Ол бұл ведомствоны 2025 жылғы маусымнан бері басқарып келеді.

Ержан Сәденов те Ішкі істер министрі болып қайта тағайындалды. Ол ІІМ басшылығына алғаш рет 2023 жылғы қыркүйекте келген.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін де сыртқы саясат ведомствосын басқарған, кейін Қазақстанның Австриядағы елшісі әрі Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарған.

Мәди Такиев Қаржы министрі қызметіне қайта тағайындалды. Ол аталған ведомствоны 2024 жылғы ақпаннан бері басқарып келеді.

Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі болып қайта бекітілді. Ол бұл лауазымға 2025 жылғы маусымда келген.

Ерлан Сәрсембаев та өз қызметінде қалды. Ол Әділет министрлігін 2025 жылдың қаңтарынан бері басқарып келеді.

Үкімет құрамындағы негізгі өзгерістердің бірі Төтенше жағдайлар министрлігінде болды. Президент Жарлығымен Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Шыңғыс Әріновтің орнына келді.

Ерлан Ақкенженов Энергетика министрі қызметіне қайта тағайындалды. Ол ведомствоны 2025 жылғы наурыздан бері басқарып келеді.

Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметіне қайта тағайындалды.

Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі қызметін жалғастырады. Ол аталған ведомствоға 2025 жылғы қыркүйекте тағайындалған.

Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрі қызметінде қалды. Ол министрлікті 2023 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келеді.

Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрі қызметіне қайта тағайындалды.

Ақмарал Әлназарова да Денсаулық сақтау министрі қызметінде қалды. Президенттің тиісті Жарлығы 3 қыркүйекте жарияланды.

Тэгтер:

президент Ақорда тағайындау