Ақтөбе облысында Ақтөбе – Астрахань республикалық маңызы бар тасжолда ірі жол апаты болды. Қайғылы оқиға Қандыағаш қаласының маңында, автожолдың 94-шақырымында тіркелген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, Toyota Camry маркалы екі көлік бетпе-бет соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан көліктерде болған алты адам қаза тапты. Марқұмдардың Ақтөбе және Атырау облыстарының тұрғындары екені хабарланды.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Апаттың нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған.
Полиция қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмауды және қала сыртындағы тасжолдарда аса сақ болуды ескертті.