Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесін көтерді

Бүгін, 12:32 / Ахмет Қанатұлы
Жұлдыз Әбдікәрімова. Фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы әйелдердің қауіпсіздігі, отбасындағы жауапкершілік пен адамгершілік мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өнер иесі соңғы уақытта елде болып жатқан қайғылы оқиғаларды қабылдау қиын екенін айтып, әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігіне назар аударды.

"Соңғы уақытта жаңалықтар легін қарай алмай жүрмін. Елдің болашағы туралы айтып, келешегімізді талқылап жатқанда, тағы бір ана ажал құшты. Өзге біреуден емес, өзі сүйіп, сеніп, өмірін байлаған жарынан. Қыз баласы үшін өз үйі, өз жары қауіпсіз бола алмаса, біз қандай болашаққа ұмтылып жүрміз?" – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.

Актрисаның сөзінше, мұндай жағдайларда мәселені тек бір тарапты кінәлаумен шешу мүмкін емес. Ол түйткілдің негізінде адамның ар-ұяты, мейірімі мен өз ісіне жауапкершілігі жатқанын атап өтті.

"Мен бұған тек тәрбиесіз, білімсіз ер адам кінәлі демеймін. Ерте тұрмыс құрған бойжеткенді де кінәламаймын. Қатыгез қоғамды ғана айыптағым келмейді. Меніңше, мәселе – әр адамның адамдық межесінде", – деді ол.

Жұлдыз Әбдікәрімова қоғам әр отбасы мен әр азаматтан құралатынын айтып, адамдарды болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамауға шақырды. Оның пікірінше, ата-ананың балаға беретін тәрбиесі, азаматтардың өз әрекетіне жауап беруі және қызмет иелерінің міндетіне адал қарауы қоғамдағы ахуалға тікелей әсер етеді.

"Әр ана ұлы мен қызына адамдық пен мейірімді үйретсе, әр ер азамат өз әрекетіне жауап берсе, әр әйел өз сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қараса, әр шенеунік атқарып отырған қызметін аманат деп түсінсе, қоғам да біртіндеп өзгерер ме еді?" – деп жазды актриса.

Сөз соңында Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамға заң, білім және тәрбие қажет екенін, бірақ ең алдымен әр адам жауапкершілікті өзінен бастауы керектігін жеткізді.

"Заң керек. Білім керек. Тәрбие керек. Бірақ олардың бәрінен бұрын әркім өзінен былай сұраса екен: менің адамдық межем қандай?" – деп түйіндеді ол.

Тэгтер:

Жұлдыз Әбдікәрімова