Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөрү жарысы мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Финалда қазақстандық спортшылар алаң иелері – Қырғызстан құрамасымен кездесті. Шешуші бәсекеде қырғыз спортшылары 12:0 есебімен басым түсті.
Осылайша Қырғызстан құрамасы көк бөрүдe алтын медаль иеленсе, Қазақстан екінші орын алды.
Қола жүлде Ресей құрамасына бұйырды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде ресейлік спортшылар Тәжікстанды 3:0 есебімен жеңді.
Көк бөрү жарысына Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан бөлек, Өзбекстан, Венгрия және АҚШ командалары да қатысты.
Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары 6 қыркүйекте көкпардан да алтын жүлде үшін сынға түседі. Бұл бәсеке Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды күнінде өтеді.
Биыл Қырғызстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңнан астам спортшы қатысқан. Бұл – жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш.