7 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, шаңды дауыл соғады

Бүгін, 09:33 / Ахмет Қанатұлы
Көрнекі фото: Pexels/Tom Swinnen

"Қазгидромет" 7 қыркүйекке арналған Қазақстан аумағындағы ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде жауын-шашын болмайды. Ал батыс және оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Батыс облыстарда кей уақытта нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі және желдің күшеюі болжанып отыр. Сондай-ақ түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.

Ел аумағының бірқатар бөлігінде жел күшейеді. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін.

Синоптиктер кейбір облыстарда өрт қаупі жоғары болатынын ескертті. Атап айтқанда, Қостанай, Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында өрт шығу қаупі сақталады.

Ал Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында төтенше жоғары өрт қаупі күтіледі.

Сонымен қатар Қостанай облысының оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Алматы облысының батысы, шығысы мен орталығында, сондай-ақ Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында да өрт қаупі төтенше жоғары деңгейде болады.

Мамандар қолайсыз ауа райы кезінде сақтық шараларын сақтап, әсіресе қатты жел, найзағай және шаңды дауыл болатын өңірлерде абай болуға кеңес береді.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы