Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін айтты. Бұл оның мансабындағы төртінші Олимпиада болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
33 жастағы спортшы үлкен спорттағы мансабын жалғастыру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Оның сөзінше, алдағы уақытты барынша тиімді пайдаланып, дзюдода тағы бір үлкен нәтижеге қол жеткізгісі келеді.
"Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыруға шешім қабылдадым. Қазақта “Алтын тапқан жерді белден қаз” деген сөз бар ғой. Менің алтын тапқан жерім – спорт, соның ішінде дзюдо", – деді Сметов.
Спортшы дзюдода әлі де ала алатын биіктері бар екенін айтып, сол мақсат үшін денсаулығын да қатерге тігіп жүргенін жасырмады.
Елдос Сметов бұған дейін үш Олимпиада ойындарында қатарынан жүлде иеленген. 2016 жылы күміс, 2021 жылы қола, ал 2024 жылы Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада алтыны болды.
Париж Олимпиадасынан кейін Сметов біраз уақыт жарыстарға қатыспады. Ол алдымен ағылшын тілін үйренуге көңіл бөлген, кейін ұзақ уақыт мазалаған жарақаттарына байланысты бірнеше ота жасатқан.
Үзілістен кейін дзюдошы 2026 жылғы маусымда Қытайда өткен Гран-при турнирінде татамиге қайта оралды. Ол жарысты екі жеңіспен бастап, қорытындысында бесінші орын алды. Енді Елдос Сметов басты мақсаты ретінде 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты жалғастыруды көздеп отыр.