Алматыда бой көтеріп жатқан жаңа стадионның қандай болатыны видео арқылы көрсетілді, деп Arasha.kz тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласын дамыту орталығы әлеуметтік желідегі парақшасында болашақ стадионның визуализациясын жариялады. Бейнежазбада қазіргі құрылыс алаңының орнына халықаралық деңгейдегі заманауи футбол аренасы бейнеленген. Видеодағы визуализацияны жасанды интеллект көмегімен әзірлеген болуы мүмкін.
Жаңа стадион 45 мың көрерменге шақталады. Арена УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сәйкес салынып, халықаралық футбол матчтарын өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Алматыда заманауи стадион салу жоспары алғаш рет 2025 жылдың тамызында белгілі болған. Сол кезде нысанның халықаралық стандарттарға сай болатыны айтылған. 2025 жылдың желтоқсанында стадионның 35 мың орынға есептелетіні хабарланған еді. Сонымен қатар оның макеті көпшілікке ұсынылған.
Кейін Алматы әкімдігі стадионның сыйымдылығы 35 мың емес, 45 мың орын болатынын мәлімдеді. Осыған байланысты нысанның жаңартылған жобасы да таныстырылды.