Бурабай аудандық соты Щучинскідегі «Центр плова Loft» кафесінде болған жарылыс пен өртке қатысты қылмыстық істі қарап, үш сотталушыға үкім шығарды. Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған, деп Arasha.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сот алдында кафе иесі, газ баллондарын жеткізген азамат және автогаз құю станциясының директоры жауап берді. Сот анықтағандай, кафе иесі нысанда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орнында газ баллондары пайдаланылып, олар жылыту радиаторларына жақын жерде сақталған. Сонымен қатар қызметкерлер мен газ жабдығына жауапты тұлғаларға қажетті нұсқама берілмеген.
Газ баллондарын жеткізген азаматтың бұл қызметті жүзеге асыруға тиісті рұқсаты болмаған. Ол 2026 жылғы 25 ақпанда кафеге екі газ баллонын жеткізген. Кейін солардың бірі жарылған. Сот мәліметінше, баллонға рұқсат етілген мөлшерден артық газ толтырылған.
Іс бойынша үшінші сотталушы – автогаз құю станциясының директоры. Сот оның тұрмыстық газ баллондарын қажетті құжаттарсыз және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жағдайда жүйелі түрде толтыруға жол бергенін анықтады. Станцияда баллондардың толтырылу көлемін бақылайтын арнайы өлшеу құралдары, тиісті жабдық пен оқытылған қызметкерлер болмаған.
Соттың мәліметінше, газ баллонының шамадан тыс толтырылуы және оның жылыту радиаторының жанында сақталуы қайғылы жағдайға әкелген. Баллон қызған кезде ішкі қысым артып, оның қабырғасы жарылған. Соның салдарынан өрт шыққан.
Өрт кезінде 12 адам қаза тауып, 11 адам түрлі жарақат алды. Сонымен қатар нысан иесіне 19,2 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген.
Сот сотталушылардың кінәсін өрт туралы актімен, оқиға орнын тексеру хаттамасымен, бейнебақылау жазбаларымен, куәгерлер мен жәбірленушілердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен растады.
Сот қандай жаза тағайындады?
Сот үш сотталушыны да тағылған айып бойынша кінәлі деп таныды. Кафе иесі мен автогаз құю станциясының директорына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Газ баллондарын жеткізген азамат 6 жылға сотталды. Сонымен қатар 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды.
Сот іс барысында қоғамдық тамақтану орындарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар кемшілік анықталғанын атап өтті. Осыған байланысты Ақмола облысының әкіміне жеке қаулы жолданып, өрттің алдын алу жұмыстары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдағы олқылықтарды жою шараларын қабылдау ұсынылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Қайғылы оқиға қалай болған еді?
«Центр плова» кафесіндегі жарылыс 2026 жылғы 26 ақпанда Щучинск қаласында болған. Алғашқы мәлімет бойынша, оқиғадан жеті адам қаза тауып, 28 адам зардап шеккен. Кейін ауруханада жатқан бірнеше адамның жағдайы ауырлап, қаза тапқандар саны біртіндеп өсті. 3 наурызда – 9 адам, 11 наурызда – 11 адам көз жұмды. Ал 18 сәуірде медициналық көмек алып жатқан тағы бір науқас қайтыс болып, құрбандар саны 12-ге жетті.
Оқиғадан кейін кафе иесі ұсталып, кейін екі айға қамауға алынған. Маусым айында Ақмола облысының арнайы прокурорлары қылмыстық іс бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады. Кейін іс сотқа жолданып, сот отырыстары басталды.
Сот барысында айыпталушылар жәбірленушілерден кешірім сұрағанымен, тағылған айыпты мойындамаған. Биыл қыркүйек айының басында олар соттағы соңғы сөздерін айтты.