Қазақстанда «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Бүгін, 16:15 / Дана Зарылханқызы
Aqordapress

Қазақстанда «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Байқауды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтерлік қозғалысты дамыту және қолдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отыр, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл сайын табысталатын халықаралық сыйлық әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге үлес қосқан волонтерлерді, волонтерлік топтарды, сондай-ақ отандық және халықаралық ұйымдарды ынталандыруға бағытталған.

Биыл сыйлық 15 аталым бойынша беріледі. Олардың қатарында:

«Үздік волонтерлік ұйым»;

«Корпоративтік волонтерліктің көшбасшысы»;

«Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшылары»;

«Үздік әлеуметтік көмекші»;

«Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін»;

«Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін»;

«Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін»;

«Денсаулық сақтау саласын дамытуға белсенді қатысқаны үшін»;

«Салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі үшін»;

«Білімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін»;

«Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін»;

«Бейбітшілік, достық және келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін»;

«Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін»;

«Жануарларды қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін»;

«Әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін».

Байқауға қатысушылар бір ғана аталым бойынша өтінім бере алады.

Құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 7-27 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Өтінімдер Qazvolunteer.kz сайты арқылы қабылданады. Сыйлықты тағайындау тәртібі туралы толық ақпаратты осы порталдан немесе www.adilet.kz жүйесінен білуге болады.

Байқауға қатысты сұрақтар бойынша +7 (717-27) 4-12-86 және 74-03-11 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада «Оқитын ұлт» атты алғашқы республикалық кітап оқу марафонына тіркелу басталған болатын. Байқау жеңімпаздары 600 мың теңгеге дейін сыйақы ала алады.

Тэгтер:

сыйлық халықаралық еріктілер Жыл еріктісі волонтер