Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы Регламентінің жобасы талқыланды. Құжат алдағы Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Регламент жобасы Қазақстанның жаңа Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң талаптарын негізге ала отырып әзірленген. Құжатта Құрылтай депутаттарының қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу тетіктері қарастырылған.
Жобаға сәйкес, Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің жұмыс тәртібі, заң жобаларын қараудың үш кезеңнен тұратын бірыңғай жүйесі және оларды қарау мерзімдері белгіленеді. Сондай-ақ Құрылтайдың Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимыл тәртібі қамтылған.
Отырыс барысында тұрақты комитеттердің жауапкершілік салалары мен олардың қарауына кіретін заңнама бағыттары да нақтыланды. Сондай-ақ, әр комитетпен жұмыс істейтін мемлекеттік органдар да айқындалды.
Бұдан бөлек, Құрылтай жанында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу тәртібін реттейтін қағидалар бекітілді.