Қызылордада мұнай өңдеу зауыттарының бірінде өрт шығып, екі резервуардағы 120 тонна мұнай өнімі жанды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер жалынды толық өшіріп, жақын маңдағы үш резервуарды сақтап қалған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өрт Шоқай көшесінде орналасқан шағын мұнай өңдеу зауытының аумағында болған. Онда сыйымдылығы 60 тоннадан болатын екі резервуар өртенген. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде нысандарды ашық жалын шарпыған.
Жалынның көршілес үш резервуарға таралу қаупі болған. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің күштерімен қатар жергілікті атқарушы органдар мен басқа да қызметтердің мамандары жұмылдырылды. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, көршілес резервуарларды қорғау үшін тасымалды лафеттік оқпандар орнатылды. Сондай-ақ көбікпен сөндіру жұмыстары жүргізілді. Қосымша көмекке өрт сөндіру пойызы тартылды.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрттің таралуына жол берілмей, үш резервуар аман қалды. Өрт 200 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Оны анықтау үшін өрт сынақ зертханасының мамандары жұмыс жасап жатыр.
Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы механикалық тазарту қондырғысының тұндырғышында мұнай шламы тұтанған еді.