Бектенов жаңа Үкіметке нақты міндеттер жүктеді

Бүгін, 13:00 / Дана Зарылханқызы
Үкімет баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысын өткізіп, министрлерді жүктелген міндеттерді толық жауапкершілікпен орындауға шақырды, деп Arasha.kz тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысы Құрылтай сайлауынан кейін өтті. Конституциялық заңға сәйкес, төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалған Мұрат Мұханов ант берді.

Отырыста Олжас Бектенов елдің саяси және экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңінде әлеуметтік-экономикалық дамуды одан әрі қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, барлық салада Мемлекет басшысы қойған міндеттер жүйелі әрі кешенді түрде орындалуы керек.

Премьер-министр Үкімет жұмысында «Заң және тәртіп» пен «Таза Қазақстан» қағидаттары басшылыққа алынуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, министрлерді қажетті шешімдерді жедел қабылдап, нақты нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтуге шақырды.

«Қазір толық жауапкершілікті өз мойнымызға алып, қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Президенттің бізге артқан жоғары сенімін толық ақтауымыз керек», – деді Олжас Бектенов.

Еске сала кетейік, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кадрлық тағайындау жүргізген еді. Осыдан кейін Үкіметтің жаңа құрамы толық құрылды.

Тэгтер:

үкімет Бектенов міндет