Украинаның бас прокуроры Руслан Кравченко отставкаға кетуге өтініш берді

Бүгін, 12:43 / Ахмет Қанатұлы
Руслан Кравченко. Фото: t.me/ruslan_kravchenko_ua

Украинаның бас прокуроры Руслан Кравченко қызметінен кету туралы өтініш жазды. Ол бұл қадамын "саяси шешім" деп атап, Бас прокуратураны саяси текетірестің құралына айналдырғысы келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

BBC мәліметінше, бұған дейін Украинаның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы мен Мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратура қылмыстық ұйымның әрекетін әшкерелеген.

Тергеу нұсқасы бойынша, ұйым мүшелері алаяқтықпен айналысқан колл-орталықтардан пара алып, кейін сол қаражатты заңдастырумен айналысқан.

Тергеу органдары жариялаған аудиожазбаларда "Босс" деген лақап атпен белгіленген адам аталады. Украиналық журналистер оның Руслан Кравченко болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда Кравченко бұл іске қатысы барын жоққа шығарып, ешқандай қылмыс жасамағанын мәлімдеді.

Бас прокуратурадағы жемқорлық дауы бұған дейін де күшейген. Кравченкоға бағынысты Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Сергей Крапиваға сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылған. Ол да өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

"Украинская правда" басылымының жазуынша, Украина президенті Владимир Зеленский 7 қыркүйекте Кравченкомен кездесіп, оның отставка мәселесін талқылаған.

Руслан Кравченко Украина бас прокуроры қызметіне 2025 жылғы маусымда тағайындалған. Енді оның қызметтен кетуі түпкілікті бекітілуі үшін Жоғарғы Раданың келісімі қажет.

Тэгтер:

украина Руслан Кравченко