Скриншоттың салмағы: Желіге жеке хаттарды жариялау қаншалықты қауіпті?

Бүгін, 15:28 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Бүгінде  кез келген адам желідегі парақшасына өзгемен хат-хабар алмасуын скриншоттап, жарияға жар салып отырады. Екі адамға ортақ жанжалды ақыр соңы бүкіл ел болып талқылайды. Ең қызығы – мұндай жағдайлардың кейбірі әлеуметтік желідегі даумен ғана аяқталмай, сотқа дейін жетіп жатады. Ал жеке хатты скриншоттап жариялау заңды ма? Әлеуметтік желідегі ақпараттың бәрін көпшілікке таратуға бола ма? Біреудің жеке өміріне қатысты мәліметті жариялап, оны қоғамдық талқыға салу қаншалықты қауіпті?  Arasha.kz тілшісі осы мәселені зерттеп көрді. 

Скриншот – жай ғана сурет емес

Көп адам әлеуметтік желідегі хат алмасудың скриншотын қарапайым сурет ретінде қабылдайды. Алайда оның ішінде адамның аты-жөні, телефон нөмірі, аккаунты, жеке әңгімесі, тұрғылықты жеріне немесе отбасына қатысты мәліметтері болуы мүмкін.

Қазақстан Конституциясы әр адамның жеке өміріне қол сұқпауға, отбасы құпиясын сақтауға, ар-намысы мен абыройын қорғауға басымдық береді. Сонымен қатар хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу және басқа да хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. 

Сондықтан адамдардарда «маған келген хат қой, демек оны қалаған жеріме жариялай аламын» деген түсінік болмауы керек. 

Жеке хаттың иесі кім?

Хат келген адам мен оны жазған адамның құқықтары бірдей емес.

Мысалы, екі адам мессенджерде ортақ әңгіме дүкен құрды делік. Хабарлама бір адамның телефонында тұрғанымен, оның мазмұны екінші адамның жеке өміріне қатысты болуы мүмкін.

Қазақстанның Азаматтық кодексінің 144-бабында азаматтың жеке өмір құпиясын, оның ішінде хат жазысу құпиясын қорғауға құқығы бар екені көрсетілген. Ал хаттарды жариялауға автордың келісімі қажет екені айтылған. 

Демек, жеке хатты жариялау мәселесінде «скриншот менің телефонымда тұр» деген уәждің өзі жеткілікті негіз бола алмайды.

Сылтау мәселе шешпейді

Әлеуметтік желіде жиі кездесетін тағы бір жағдай бар. Адам өз парақшасында қандай да бір оқиғаны жариялайды. Кейін басқа біреу сол жазбаны алып, оның жеке өміріне қатысты қосымша мәліметтерді қосып, елге жариялап жібереді. Қазір Threads желісі осындай скриншоттардың «базарына» айналған, 

Мұнда да құқықтық баға беру   маңызды.

Адамның өзі көпшілікке ашық түрде жариялаған ақпарат пен оның жеке хатынан алынған мәліметтің құқықтық маңызы бірдей емес.

«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңда дербес деректердің жалпыға бірдей қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі түрлері ажыратылады.

Сондықтан адамның аты-жөнін, телефон нөмірін, мекенжайын, жеке фотосын немесе басқа да деректерін контекстен жұлып алып, көпшілікке таратуға үнемі рұқсат етіле бермейді. 

Сонымен қатар, бір адам екіншісінің алаяқтық жасағанын, қорқытқанын немесе басқа да заңсыз әрекетке барғанын айтып, хат алмасуды жариялауы мүмкін. Мұндай кезде қоғамда «Егер ол кінәлі болса, неге жасыру керек?» деген пікір пайда болады.

Бірақ адамның заңсыз әрекет жасағаны заңмен дәлелденбесе, рұқсатсыз сурет пен жеке деректер таратылмауы керек.

Мәселен, полицияның ресми түсіндірулерінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын, хат алмасуларды және күдіктінің жеке деректерін әлеуметтік желіде жариялаудың тергеуге кедергі келтіруі мүмкін екені ескертіледі. Сондықтан қылмыстық іс тергеу сатысында болса, болған оқиғаның барлық мән-жайын желіге сала беруге болмайды. 

Бір қарағанда, скриншот жариялау аса күрделі іске ұқсамайды. Бірақ оның артында басқа мақсат жатуы мүмкін.

Мысалы:

Бұл жерде мәселе тек скриншоттың өзінде емес, оны қандай мақсатпен және қандай контексте жариялағанында байланысты болуы мүмкін.

Әсіресе бір адамның жеке мәліметтері әдейі таратылып, оған жаппай қысым жасалса, жағдай кибербуллинг пен өзге де құқықтық мәселелер тұрғысынан бағалануы мүмкін. Қазақстанның құқықтық статистика органдары да интернеттегі қысым, қорлау және жеке мәліметтерді таратудың қауіпті екенін мәлімдеді. 

Жеке өмірді көпшілікке жария ету – «контент» емес

Әлеуметтік желінің логикасы қарапайым екенін бәріміз біліп алдық. Яғни эмоция неғұрлым жоғары болса, жарияланым соғұрлым көп қаралады.

Сондықтан біреудің ажырасуы, отбасындағы жанжалы, махаббат хаты немесе жеке әңгімесі көпшілікке қызық контентке айналып кетті.

Бірақ әлеуметтік желідегі қаралым саны адамның жеке өмірінен артық емес.

Біреудің жеке әңгімесін жариялаған адам үшін ол – бірнеше минутта жасалған пост болуы мүмкін. Ал хатта аты аталған адам үшін оның салдары ұзаққа созылады. Жақындарымен қарым-қатынасы бұзылады, жұмысында қиындық туындайды, беделіне нұқсан келеді.

Сондай-ақ, қазір кез келген жанжалдың өзіндік «онлайн соты» қалыптасып келеді.

Бірнеше сағаттың ішінде жүздеген адам ешқандай ресми шешімсіз-ақ біреуді «кінәлі» деп қабылдап үлгереді.

Ал сотта мәселе басқаша қаралады.  Ақпараттың қайдан алынғаны, оның шынайылығы, қандай мақсатта жарияланғаны және адамның қандай құқығына әсер еткені маңызды болады.

Яғни әлеуметтік желідегі көп лайк немесе мыңдаған пікір адамның кінәсін автоматты түрде дәлелдемейді.

Ескерте кетейік, жарияланған жазбаны кейін өшіріп тастау да мәселені толық шешпейді. Мысалы, біреу скриншот жасап үлгеруі мүмкін. Басқа парақшаға көшірілуі мүмкін. Telegram арнасына, чаттарға немесе басқа платформаларға тарауы ықтимал.

Осылайша бір адамның жеке әңгімесі бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған адамның қолына тиеді.

Қарапайым желі қолданушысы неге мән беруі керек?

Әлеуметтік желіге біреудің скриншотын салмас бұрын өзіңізге бірнеше сұрақ қойған жөн:

Егер осы сұрақтарға нақты жауабыңыз жоқ болса, скриншотты жариялауға асықпаған жөн.

ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы 4-бөлігіне сәйкес, егер мұндай іс адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Ал егер бұл әрекет масс-медиада, телекоммуникация желілерінде немесе онлайн-платформаларда жасалып, заңда көрсетілген ауырлататын жағдайларға жатса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. 

Кейде бір скриншот біреуге жай ғана «контент» болып көрінуі мүмкін. Ал оның артында  адамның абыройы, отбасы, жұмысы және тағдыры тұрғанын ұмытпаған жөн.

Тэгтер:

заң контент скриншот