Қарағандылық ер адам арықтау үшін жасалған ота кезінде көз жұмды

Бүгін, 16:25 / Ахмет Қанатұлы
Ота, операция. Көрнекі фото: pexels.com

Қарағандыда бариатриялық операция кезінде қайтыс болған 35 жастағы Вячеслав Ермоловтың ісі әлі сотқа жолданбаған. Марқұмның отбасы тергеудің ұзаққа созылғанына наразы, деп Arasha.kz тілшісі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Вячеслав Ермолов 2025 жылдың қаңтарында жеке клиникаға артық салмақтан арылу үшін операция жасатуға барған. Оның салмағы 185 келі болған. Алайда ер адам операция кезінде көз жұмған.

Марқұмның жесірі Кристина Ермолованың айтуынша, іс бойынша бірнеше тексеру мен сараптама жүргізілген.

"Бір емес, бірнеше комиссия болды. Қазірдің өзінде қағаз жүзінде клиниканың кінәлі екені жазылған. Бұл мәселе неге шешілмей жатқанын түсінбеймін", – деді ол.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексеруі кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, пациент толық тексеруден өтпеген, қажетті мамандардың консультациясы толық қамтамасыз етілмеген. Сонымен бірге анестезиолог-реаниматологтардың жұмысынан қателіктер табылған. Сондай-ақ операция жасаған хирургтің "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты болғанымен, "бариатриялық және метаболикалық хирургия" бағыты бойынша тиісті сертификаты болмағаны көрсетілген.

Мәйітті зерттеу барысында интубацияның дұрыс жасалмағаны, соның салдарынан гипоксия мен ми ісінуі дамығаны туралы қорытынды жасалған.

Кейін іс аясында мәйіт эксгумацияланып, қайта сараптама тағайындалған. Отбасы адвокаты Татьяна Рыбалкинаның сөзінше, сараптама қорытындысында екі дәрігердің әрекеті мен Вячеслав Ермоловтың өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бары көрсетілген. Алайда бұл қорытындыға қарамастан, іс әлі сотқа берілмеген.

Қарағанды облысы полиция департаменті қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі – медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша тергеліп жатқанын хабарлады.

Полиция өкілдері тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданатынын мәлімдеді. Алайда нақты мерзім айтылмаған. Марқұмның туыстары істің созылып кеткеніне алаңдап, кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

"Екі жылға жуық уақыт өтті, бірақ әлі күнге дейін ешқандай шешім жоқ. Іс бірде тоқтатылады, бірде қайта жандандырылады. Кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз", – деді Кристина Ермолова.

Тэгтер:

артық салмақ ота