Air Astana әуе компаниясының Алматыдан Лондонға ұшып шыққан KC663 рейсі Хитроу әуежайының уақытша жабылуына байланысты Германияның Франкфурт қаласына қонды. Ұшақ бортында 138 жолаушы болған, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Компания мәліметінше, Лондондағы Хитроу әуежайы бүгін түнге дейін жұмысын жалғастырмайды. Осыған байланысты KC663 рейсінің Лондонға ұшуын кейінге қалдыруға тура келген. Қазіргі жоспар бойынша рейс ертең таңғы сағат 09:25-те (UTC) ұшады.
Жолаушылардың 67-сінде жарамды Шенген визасы жоқ. Сондықтан олар Франкфурт әуежайының транзиттік аймағынан шыға алмайды.
Әуе компаниясы күту кезінде барлық жолаушыға тамақ пен салқын сусын алуға арналған ваучерлер берген.
Air Astana өкілдері мен әуежайдың жерүсті қызметтері жолаушыларға қажетті жағдай жасау үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қалаға шығуға құқығы бар жолаушыларды қонақүйге орналастыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жолаушыларға тамақ, сусын және басқа да қажетті көмек көрсетіледі.
Компанияның хабарлауынша, қалыптасқан жағдайға қарамастан, жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі басты назарда.
Бұған дейін Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға қатынайтын рейстердің тоқтатылу мерзімін 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартқан еді.