Журналист Жанат Молдашова Атыраудағы қайғылы оқиғадан кейін ем қабылдап жүрген Ақбаян Мұқанғалиеваның қазіргі жағдайына қатысты жаңа ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, Ақбаянның үйіне шыққаны жөніндегі мәліметті ол бұған дейін туыстарынан естіген. Алайда жақындары бұл ақпаратты уақытша жарияламауды өтінген.
"Ақбаян үйіне шыққан ба деп сұрап жатқандар көп. Оны кеше туыстарынан естігенмін. Арасында жақындарына хабарласып, жағдайын сұрап тұрамын. Олар үйге шыққанын айтты. Әзірге жарияламауды сұраған еді", – деп жазды журналист.
Жанат Молдашованың сөзінше, Ақбаянды бауырлары балаларына алып барған. Себебі ол балаларын жиі сұрап, сағынғанын айтқан. Журналист туыстарының сөзіне сүйеніп, Ақбаянның балаларын және жақындарын танып отырғанын жеткізді. Дегенмен оның емін жалғастыруы қажет.
"Ақбаянды бауырлары балаларына алып барған. Өйткені "Балаларым қайда? Сағындым" деп жиі сұраған. Бәрін де танып тұр дейді. Бірақ әлі ем алуы керек. Нақты диагнозы белгісіз", – деді ол.
Сондай-ақ журналист Ақбаянның денсаулығы жақсарған жағдайда балаларын оның қамқорлығына беру мәселесі қарастырылуы мүмкін екенін айтты. Алайда мұндай шешімді білім бөлімі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Жанат Молдашованың мәліметінше, туыстары Ақбаянға ата-анасы мен бауырларының өмірден өткенін әлі хабарламаған.