Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Бүгін, 13:29 / Ахмет Қанатұлы
Айдар Садырбаев. Фото: gov.kz

Айдар Садырбаев Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, Президент әкімшілігінің келісімі және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың өкімімен Айдар Серікқазыұлы Садырбаев жаңа қызметіне кірісті.

Аймақ басшысы жаңа орынбасарын ұжымға таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айдар Садырбаев 1986 жылғы 25 қыркүйекте бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданына қарасты Новопокровка ауылында дүниеге келген.

2009 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы Переменовка ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған.

Әр жылдары Бородулиха ауданы мен Семей қаласының ішкі саясат бөлімдерінде түрлі қызмет атқарды. Сондай-ақ Семей қаласы әкімінің орынбасары, AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының ішкі саясат басқармаларының басшысы болды.

Жаңа қызметінде Айдар Садырбаев өңірдің әлеуметтік саласына, сондай-ақ ішкі және ақпараттық саясат мәселелеріне жетекшілік етеді.

Тэгтер:

ШҚО Айдар Садырбаев