ШҚО әкімінің орынбасары тағайындалды

Бүгін, 16:20 / Дана Зарылханқызы
Gov.kz

Айдар Садырбаев Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Тиісті шешім Президент Әкімшілігімен келісіліп, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың өкімі негізінде қабылданды, деп Arasha.kz тілшісі өңір әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін өңір басшысы жаңа орынбасарын облыс әкімдігі ұжымына таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Айдар Садырбаев 1986 жылғы 25 қыркүйекте бұрынғы Семей облысы Жаңасемей ауданының Новопокровка ауылында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2009 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын сол жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының Переменовка ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған.

Кейін Бородулиха ауданы мен Семей қаласының ішкі саясат бөлімдерінде түрлі қызметтер атқарған. Атап айтқанда, нұсқаушы, жетекші және бас маман, басшының орынбасары, бөлім басшысы болып жұмыс істеген. Сондай-ақ Семей қаласы әкімінің орынбасары, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы қызметтерін атқарған.

Әр жылдары Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ішкі саясат басқармаларына жетекшілік етті.

Айдар Садырбаев жаңа қызметінде өңірдің әлеуметтік саласына, сондай-ақ ішкі және ақпараттық саясат бағыттарына жетекшілік етеді.

Тэгтер:

ШҚО әкім орынбасар