Астанада LRT станцияларының маңындағы кейбір пәтерлердің бағасы бір жыл ішінде желіден алыста орналасқан тұрғын үйге қарағанда бірнеше есеге өскен. Кей аудандарда айырмашылық 10,5 пайызға дейін жеткен, деп Arasha.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ең жоғары өсім әуежай маңында байқалған
Ең айқын өзгеріс «Аэропорт» пен «Мәңгілік ел» станциялары арасындағы аумақта тіркелген. Бұл туралы Ұлттық банк пәтер сату туралы хабарландыруларды талдау барысында анықтаған.
2026 жылы станциялардан 300–700 метр қашықтықтағы пәтерлердің бағасы салыстырмалы түрде қосымша 8 пайызға, ал 700–1000 метр жердегі тұрғын үй құны 10,5 пайызға жоғарылаған. «Жібек жолы» мен «Нұрлы жол» станциялары арасындағы аумақта 300–700 метр қашықтықтағы пәтерлердің бағасы 6,5 пайызға, ал 1–1,5 шақырым жердегі тұрғын үй 5,3 пайызға көбірек өскен. Ал «Астана жұлдызы» – «Мыңжылдық аллеясы» учаскесінде станциядан 300 метрге дейінгі пәтерлердің бағасы қосымша 4,9 пайызға, 1–1,5 шақырым қашықтағы тұрғын үй бағасы 4,6 пайызға артқан.
Станцияға жақын болған сайын баға өсе ме?
Зерттеу нәтижесі бұл сұраққа біржақты жауап бермейді. Ұлттық банк талдауы бойынша, «станцияға неғұрлым жақын болса, пәтер бағасы соғұрлым жоғары өседі» деген тікелей байланыс анықталмаған. Зерттелген барлық учаскеде тұрғын үй бағасы бақылау аумағымен салыстырғанда көбірек өскен. Алайда бағаның өсу деңгейі станцияға дейінгі қашықтыққа тікелей байланысты болмаған.
Ұлттық банктің болжамынша, «Аэропорт» – «Мәңгілік ел» аралығындағы жоғары көрсеткіш жаңа көлік қатынасының қала орталығынан алыстау аудандар үшін маңыздырақ болуымен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен реттеуші 10,5 пайыздық көрсеткішті бағалауда сақ болуға шақырады. Себебі бұл учаске бойынша есептеу небәрі 566 хабарландырудан тұратын салыстырмалы түрде шағын деректер жиынтығына негізделген.
Астанадағы пәтер бағасы қанша?
Бұған дейін сарапшылар Қазақстанның бірнеше қаласындағы тұрғын үй бағасын салыстырған. Ең қымбат пәтерлер Алматыда тіркелген. Қалада бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы шамамен 26,5 миллион теңге болған. Астана бұл рейтингте екінші орында. Елордада бір бөлмелі пәтердің орташа құны 23 миллион теңгеге жуық.-