Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының информатика пәні мұғалімі Жарқын Әдбікәрім әлеуметтік желіде жариялаған даулы жазбасына байланысты кешірім сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұған дейін ұстаз Threads желісінде жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру мәселесіне қатысты пікір білдірген. Жазбасында ол Қазақстанның экономикалық тұрғыда құлдырауын тілеген.
«Қазақтарға, Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла, күйретші! Әмин!» – деп жазған мұғалім.
Оқиғаға байланысты Қарағанды қаласының журналисі Айсұлтан Мұхамедиярұлы ұстазбен сөйлескен.
Жарқын Әдбікәрім жазбасын кейін өшіргенін айтып, оны ашуға беріліп, эмоциямен жазғанын түсіндірді.
«Үш балам бар, кішкентай оқушы қыздарым бар. Мектепте хиджаб киюге байланысты жазған жазбам үшін кешірім сұраймын», – деді ұстаз.