АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы қақтығыс қараша айында өтетін Конгресс сайлауынан кейін аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы ол Fox News телеарнасының журналисі Лора Ингрэмге берген сұхбатында айтты.
"Соғыс қараша айында өтетін Конгресс сайлауынан кейін бірден аяқталуы тиіс. Мүмкін оған дейін де аяқталар, бірақ менің ойымша, бұл сайлаудан кейін бірден болады", – деді Трамп.
АҚШ басшысы Иранға қарсы әскери операция бастау туралы шешіміне өкінбейтінін де айтты.
"Жоқ. Мен "өкініш" деген сөзге сенбеймін. Егер мұны қайта жасауға тура келсе, дәл солай істер едім", – деді ол.
АҚШ-тағы Конгреске аралық сайлау 3 қарашада өтеді. Сайлау барысында Сенаттағы 100 орынның 33-і және Өкілдер палатасындағы барлық 435 орын қайта сайланады.
Трамптың мәлімдемесіне қарағанда, Ақ үй Иранмен қақтығыстың саяси шешімі сайлаудан кейін жеделдеуі мүмкін деп есептейді.