Түркістанда ата-ана 5 млн теңге үшін педофильді кешірген

Бүгін, 13:11 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Түркістан қаласы мен облыстың бірнеше ауданында кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасады деген күдікпен үш ер адам ұсталып, қамауға алынған. Бұл туралы адвокат Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Адвокаттың мәліметінше, Түркістан қаласында 61 жастағы ер адам 6 жастағы қызға қатысты зорлық жасады деген күдікке ілінген. Ол қамауға алынған.

Сауран ауданында 53 жастағы азамат 7 жастағы қызға қатысты осындай қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Ал Шардара ауданында 31 жастағы ер адам 16 жастағы жасөспірімге жыныстық зорлық көрсетті деген күдікке ілінген.

Ләззат Рақышева балалардың қылмыстық іс аяқталғаннан кейінгі тағдырына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұған дейін Түркістан облысында жыныстық зорлықтан зардап шеккен екі баланың ата-анасы күдіктілерден ақша алып, қылмыстық істі жеңіл бапқа қайта саралауға келіскен жағдайлар болған.

Адвокаттың сөзінше, бір отбасына 5 миллион теңге, екіншісіне 2 миллион теңге ұсынылған. Кейін ата-аналар күдіктілерді кешірген.

Рақышева мұндай жағдайларда ең маңызды мәселе – баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайы екенін атап өтті. Оның пікірінше, жыныстық зорлықтан зардап шеккен балаларға тергеу барысында ғана емес, одан кейін де ұзақ уақыт бойы кәсіби психологиялық көмек көрсетілуі қажет.

Тэгтер:

қылмыс Түркістан ақпарат