Зеленский Путинмен G20 саммитінде кездесуге дайын екенін айтты

Бүгін, 10:26 / Ахмет Қанатұлы
Владимир Зеленский. Фото: Andrej ISAKOVIC / AFP via Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путин G20 саммитіне шақырылған жағдайда, онымен кездесу үшін Майамиге баруға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы ол DW басылымына берген сұхбатында айтты.

Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен өткен кездесуде энергетика, астық мәселесі және деэскалацияға бағытталған алғашқы қадамдар талқыланғанын жеткізді.

Украина президентінің айтуынша, қазір басты мақсат – келіссөзге алып келетін нақты қадамдарға көшу.

"Атысты тоқтату" деген сөз біреуге ұнамауы мүмкін. Оны "бітім" немесе "тыныштық режимі" деп атауға болады. Атауы маңызды емес. Маңыздысы – келіссөзге бастайтын мүмкіндік", – деді Зеленский.

Ол энергетика мен астық мәселесін тараптар арасындағы алғашқы практикалық қадам ретінде атады.

Журналистер Зеленскийден АҚШ Владимир Путинді 14-15 желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырса, не істейтінін сұраған.

Украина басшысы мұндай жағдайда кездесуге дайын екенін жеткізді.

"Мен барамын. Бізге кездесіп, сөйлесіп, шешім қабылдау керек. Маңыздысы – не айтатынымыз емес, нәтиже", – деді Владимир Зеленский.

Тэгтер:

Владимир Зеленский