Finiko қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында The Finiko нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызмет жүргізбегені анықталған.
Ведомство дерегінше, бұрын тартылған қатысушыларға төлем жаңа салымшылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген. Осы тәсіл арқылы табыс түсіп жатқандай көрініс жасалып, жаңа салымшылардың ақшасын тарту жалғасқан.
Тергеу мәліметі бойынша, күдіктінің әрекеті салдарынан қаржы пирамидасына 160 миллион теңгеден астам қаражат тартылған.
Сондай-ақ сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктіге тиесілі, құны 221 миллион теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне алынған.
Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша үш адам сотталып, мүлкі тәркіленген. Оларға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.